ҚР Президентінің жанындағы ҰҒА ғылымдар бөлімшелерінің отырысы өтті

ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының «Агробиоресурстар және экология туралы», «Өмір және денсаулық туралы», «Жер, ғарыш және коммуникация туралы», «Білім және қоғамдық даму ғылымдары» бөлімшелерінің кезекті отырыстары өтіп, Академияға қабылданған Құрметті академиктерге ресми түрде куәліктер табысталды.

Бөлімшелердің отырысына Академия Президенті, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы қатысып, кездесудің маңыздылығына тоқталып, құрметті академиктерді құттықтап, куәліктерін табыстады. Құрметті академиктердің барлық сұрақтарына жауап беріп, пікірлерін тыңдап, ортақ мүдде — отандық ғылымды дамытуға, ғылыми бағыттар бойынша қордаланған мәселелердің шешу жолдарын ұсынып, бөлімшелердегі сараптамалық, талдамалық жұмыстарға белсене қатысуға шақырды.

Академияның бас ғалым хатшысы Тоқбергенов Исмаил Тасанбиұлы Академияның қызметіне, атқарылған жұмыстарға шолу жасап, қол жеткізілген нәтижелерге тоқталып, ғылымның басым бағыттарын анықтаудағы форсайттық зерттеулер туралы, өңірлік ғылымды, жас ғалымдарды қолдау жұмыстары туралы ауқымды ақпарат берді.

Сонымен қатар, әр бөлімше төрағалары өз бағыттары бойынша жасалып жатқан жұмыстар мен жоспарларын бөлісіп, алдағы уақытта бірге жұмыла жұмыс жасауды ұсынды. Отырыс барысында әр бағыт бойынша құрметті академиктер сұрақтарын қойып, өз ұсыныстарын айтып, тәжірибелерімен бөлісіп, пікірлерін ортаға салды.