ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы 8 тамызда «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» тақырыбында Президиумның көшпелі отырысын өткізді.
Көшпелі отырыстың күн тәртібіне Қостанай облысын кешенді дамытудың басым бағыттары енгізілді, соның ішінде:
- Ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту, агроөнеркәсіптік кешенде жоғары бөлініс деңгейіндегі өнім өндіру көлемін арттыру;
- өнеркәсіпті дамыту және инновациялар – өңір өнеркәсібін әртараптандыру, жаңа технологияларды енгізу және кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
- өңірлік ғылымды қолдау және технологиялар трансфері – жергілікті жерлерде ғылыми қызметті күшейту, әзірлемелерді коммерцияландыру және өңірге озық технологияларды тарту;
- өндіріс үшін кадрлар даярлау – адами капиталды дамыту, білім беру жүйесін жаңғырту және өңір қажеттіліктеріне сәйкес мамандарды мақсатты түрде дайындау;
- экологиялық тұрғыдан орнықты технологияларды енгізу – өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында «жасыл» шешімдерді қолдану, қоршаған ортаға теріс әсерді азайту;
- өндіріс пен агросекторды цифрлық трансформациялау – өңір экономикасына, соның ішінде ауыл шаруашылығына заманауи цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізу.
Академия Президенті Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде Қостанай облысында өңірлік ғылымды дамытуға бағытталған бірқатар шараларды атап өтті.
«Өңдеу саласында қосымша құн қалыптастырудың пайдаланылмаған зор әлеуеті бар. Бұл – өндіріс тиімділігін одан әрі арттыруға және жүйелі негізде импортты алмастыру мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы осы мәселеге ерекше назар аударып, үш жыл ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін арттыру міндетін қойды. Бұл агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми-технологиялық жаңғыртуды, цифрлық шешімдерді енгізуді, үздік әлемдік тәжірибелерді пайдалануды және климаттық өзгерістерге бейімделуді талап етеді», – деді ол.
Қостанай облысы – ауыл шаруашылығы жер көлемі 10 млн гектардан асатын, еліміздегі ең ірі аграрлық өңірлердің бірі және елеулі индустриялық әлеуетке ие. Өңірдің орнықты дамуы ғылыми тұрғыдан негізделген шешімдерді, климаттық тәуекелдерге бейімделуді, ресурстарды ұтымды пайдалануды, эмиссияны азайтуды және экологиялық технологияларды енгізуді талап етеді.
Сонымен қатар, өңірде ғылыми әлеует тапшылығы байқалады. 2024 жылғы статистикаға сәйкес, Қостанай облысының үлесіне Қазақстан бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсалған ішкі шығындардың небәрі 1,2%-ы тиесілі. Мұнда халықтың жан басына шаққандағы зерттеушілер саны Алматы қаласымен салыстырғанда 8 есе аз. Бұдан бөлек, өңірдегі ғылыми дәрежесі бар ғалымдардың орта жасы – 54 жаста (ел бойынша орташа көрсеткіш – 50 жас). Сондықтан ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту және өңірге жас зерттеушілерді тарту қажет, сондай-ақ жергілікті жоғары оқу орындарының оқытушыларын ғылыми қызметке неғұрлым белсенді тарту маңызды.
Толық нұсқасы: https://turkystan.kz/article/265398-qostanaida-ulttyq-gylym-akademiiasy-prezidiumynyn-kospeli-otyrysy-otti


